Мопассанның ел құлағын елең еткізген ең алғашқы атақты шығармасы – «Томпыш» атты повесті. Бір қарағанда, ол жезөкше әйелдің бірер жағдайын баяндауға арналған секілді, бірақ шын мәнінде олай емес, сол әйелдің қылығымен өзгелердің қылығын салыстыра келгенде, өз тәнін сатқан жезөкшеден бұрын өз халқын, өз мемлекетін, өз ары мен принципін, уәдесі мен сөзін – бәрін сата беретін пайдакеш жезөкшелерді көріп және олардан Томпыштың әлдеқайда патриот, әлдеқайда принципшіл, әлдеқайда мейірбан екенін көріп, соның бәрін бір жол бойындағы оқиғаға сыйдырып суреттей білген. Француздарды немістер жаулап алған кез. Бір күймеге мінген бір топ адам қыс ішінде қалың қардан барар жерлеріне уақытында жете алмай, жолда қарындары ашып, әбден қиналған кезде Томпыш атты жезөкше әйел үлкен кәрзеңкесіндегі азық-түлікті соларға бөліп беріп бір риза етеді. Алайда жол ортасындағы қонақ үйге аялдаған оларды неміс офицері одан әріге жібермей қояды, шарты: Томпыш оны қойнына алғанда ғана рұқсат етеді. Әуелде офицердің әлгі жүгенсіздігіне ыза болған олар бірте-бірте солай істеуге Томпышты өздері үгіттей бастайды да ақыры көндіреді, сөйтіп жолға шығуға рұқсат алады. Бұл жолы Томпыштың да жолға азық алуға мүмкіндігі болмай, дайындықсыз шығады. Сонда әлгі зиялылар мен саудагерлер, монахиналар мен әдепті, мәдениетті әйелдер Томпышқа түйір де татырмай,бқайта оны қорлап, мазақтап, өздері шімірікпей ішіп-жеп күйме ішінде оны көрмегенсіп, байқамағансып отыра береді. Тілінде бар, бірақ өзінде жоқ патриоттарды, сөзінде бар, бірақ өзінде жоқ мәдениетті мырзалар мен ханымдарды, екі сөзінің бірінде «халық», «ел» деп сөйлейтін, бірақ екі ісінің бірінде де не халықтың, не мемлекеттің қамын ойламайтын, не айтса да, не істесе де тек өз қамы мен өз жағдайын бәрінен жоғары қоятын, тек соны ойлайтын; саясаты да, мақсаты да соған ғана құрылған бір топ арқылы Мопассан өз заманының кейіп-келбетін айнытпай жасайды.
Ги Де Мопассан «Томпыш» повесіне рецензия

Алдыңғы жазба
1 пікір
Осы рецензияны жазған адамға рахмет. Бір қиындықтар құтқарды.