Әйел, ана, арулар тақырыбына арналған Ғабит Мүсірепов
шығармаларының ішіндегі ең көлемдісі де, көрнектісі де – «Ұлпан» романы.
Өзінің бар ерекшелігімен, көркемдік бітімімен, романда көрінетін Ұлпан тек
қана жазушының өз шығармашылығы емес, бүкіл қазақ әдебиетіндегі оқшау
тұрған әдеби бейне. Туындыда қарапайым қазақ қызының ел анасына
айналуына дейінгі оқиғалар баяндалады. Қазақ ауылының жүз жылдық
тұрмысы, әдет-ғұрпы, барымта, қалыңмал беріп, қыз айттыру, бай мен кедей
арасындағы, ел арасындағы жер дауы, жесір дауы мәселесі де қалыс
қалмаған. Әрбір адам кітапты оқып шыққаннан кейін қазақ болып
туылғандығын мақтан тұтып, өмірлік мақсатын айқындай алады деп
ойлаймын. Ер азаматты қадірлеуді, ата-анаға, ел-жұртқа қамқор болуды
үйрене аласыз.
Жеті мың бетке жуық қолжазба, жазу кітапшаларын қалдырған
Леонардо да Винчиге еліктеген қазақтың сөз зергері Ғабит Мүсірепов қойын
дәптеріне «Менің Джокондам – Ұлпан» деп жазған екен.
Ұлпан – аналардың анасы, ел билеген көсем, сөз бастаған шешен, аузы
дуалы қоғам қайраткері. Осындай аналарымызды бүгінгі ұрпаққа насихаттау,
қыздарымызға үлгі ету әрбіріміздің парызымыз деп білейік. Оқыңыздар! Көз
жеткізіңіздер! Толқыңыздар!