Жазушы, ғалым Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» хикаят-монологын бір деммен оқып шықтым. Туынды өмір үшін күресті, шынайы махаббатты, адалдықты арқау етеді. Ауыр науқасқа шалдығып, жұлынына күрделі нейрохирургиялық операция жасатуға келісім берген Ержанның өлім мен өмірдің арасында жатқан шарасыз күйі суреттеледі. Өйткені, адамның ең нәзік жерінің бірі – жұлын. Оған жасалынатын күрделі отадан кейін адамның тірі қалу-қалмауы екіталай. Аман шыққан науқастың өзі тозақ отын кешіп келгендей азап шегеді. Міне, осындай үлкен тәуекелге барған шығарманың бас қаһарманы Ержан жарық дүниеде болғанның, төрт аяғың жер басып жүргеннің өзі үлкен бақыт екенін біледі. Өткенін ой елегінен өткізеді. Сөйтсе күйбең тірлікте өзі үшін маңызды көп дүниені ескермеген екен.
Кітапты оқи отырып, дәл қазіргі ойнап-күліп, жақындарымызбен емен-жарқын араласып өтіп жатқан күндеріміз үлкен бақыт екенін түсіндім. Шындығында, біз, пенделер, өмірдің бағалай алмайды екенбіз. Еңбек еткен, қолыңнан іс келсе, перзент сүйсең – мәнді ғұмыр деген сол. Расында, адам – өмірге ғашық, құштар. Өлімнен қорықпау деген жай сөз. Шығарма Ержанның ауруханадағы ой-толғаныстары арқылы осы ақиқатты түсіндіреді, бақытты қалай, немен өлшеу керектігін керемет ұғындырады.
Ажал аузында жатқан науқасты аман алып қалған не дейсіз ғой? Ол біріншіден ,суреттеліп отырған кейіпкердің ерік-жігері, өліспей беріспейтін, күреспей жатып жеңіле салмайтын қайсарлығы, биік рухы, қала берді өмірге деген құштарлығы. Екіншіден, жары Гаухардың оған деген шынайы махаббаты. Күйеуінің тірі қалу мүмкіндігі өте аз екенін біле тұра, одан бас тартпайды. Әлдебіреулердің азғыруына ермейді. Перзенттерінің болашағына алаңдайтын сүйіктісіне сенеді. Аяққа жүріп кетпесе де, Ержан операциядан тірі шыққан соң «Сенім» дейтін өте алып күш екен ғой, жігері мықтыны ажал да жеңе алмайды екен ғой деген ой түйдім.
Туынды кейіпкерлері, оқиғалар негізінен өмірден алынған. Ержан – автор Немат Келімбетовтың өзі, әйелі Гаухардың шын есімі — Қуаныш. Балалары Мұхит пен Қайрат та өмірде бар адамдар. Қайрат деп отырғанымыз – қазіргі Қазақстан Респбликасы Ұлттық Банк төрағасы Қайрат Келімбетов.