Бұл кітапты оқуға көп уақыт ниеттеніп жүрдім. Өзгелер сияқты бұл кітапты бастауыма кедергі болғаны кітаптың қалыңдығы мен үлкендігі еді. Ақыры соңғы рет кітапты қолыма алғанда бітіремін деген оймен алдым. Оқу орным мен үйімнің арасы бір жарым сағаттық жол. Сол уақытымды текке жібермей, осы кітапқа арнадым. Алматы қаласындағы нөмір отыз бірінші автобустың артқы қатарына жайғасып алып ешқайда қарамастан екі көзімді Рысқұловтың өмірі жазылған кітапқа салдым. Сол автобуста Тұрарды өмірге әкеліп, сол автобуста ату жазасына кесілуіне куә болдым. Бүгінде отыз бірінші автобусты ғана емес, отыз бір деген сандарды көрсем Тұрар көкем есіме түседі. Әкесі қатырғыға (каторга) айдалып кеткен соң біраз уақыт Меркі қаласын мекен етеді. Осы Меркінің үлкен базарының бірінде бал ашатын балгерден бал аштырғанында «өмірің бітіспес айқасқа толы болады» деген екен. Жындының сандырағы келеді дейді ғой, сол айтқандай, Тұрар туғанынан өлгеніне дейін айқаста болады. Аяғынан шалғандар жетерлік. Мал баққаннан өзге ешнәрсені білмейтін киргиздың өкімет ісінде қай әкесінің құны қалды деп алға қарай жылжытпай қояды. Әкесімен бірге түрмеде жүрген кезінде, түрме бастығы Приходьконың баласымен өш еді, одан соң Меркіде жүргенінде тек қана бай баласымен емес, лауазымы жоғары болыстарға да әділеттік үшін балапан басымен қарсы шыққан. 1916 жылы сол Меркі ауылында болған көтеріліске жетекшілік етіп патша өкіметін құлатуға зор еңбегін сіңірген. Меркіден соң Түркістан Республикасында (қазақ, өзбек, түрікмен, қысқасы айтқанда түркі халқының тұратын негізгі мекені) қызметте жүргенінде де жолында тұрғандар аз болмады. Түркістаннан соң Мәскеуге алынады.Бұл қалада жүріп Сталиннің өзіне де «Сталин қателеседі» деп қарсы шыққан. Мәскеуден соң Моңғолияға жібереді. Енді-енді бас көтеріп келе жатқан моңғол елінде алыс-тартыс аз болсын ба, бұл жақта да алыстың, айтыстың түр-түрін өткереді. Әкесі Рысқұл «түрмеде туған тышқан дүрсіліңнен қорықпайды» дейді. (Айта кетейік, мақал негізінен диірменде туған тышқан деп басталады, Тұрар бала күнінде түрмеден өміріне қажет сабақ алып шыққан соң, түрмеде туған деп өзгертіп алған). Әкесінің осы бір сөзі өле-өлгенше жанына қанатты сөз болып қалды. Өмірін оқып отырсақ, қазіргі тілмен айтқанда президенттен кейінгі премьер-министрдің рөлінде болған екен. Сондай дәрежесі бола тұра ешқашан тыным таппаған. Ату жазасына кесілмес бұрын сол дәрежесімен Кисловодскі шипажайында алғаш, әрі соңғы рет демалған екен. Бақ пен сордың арасы бір- ақ қадам екен деп өмірден әділетсіз түрде атылып кете барды. Меркідегі балгердің сандырағы келіп айқаспен өмірінің қалай өткенін Тұрардың өзі де байқамай қалады. Тіршілігінде жанын салып, халқым үшін жаным пида деп бар ғұмырын сарп еткізген еді. Шүберекке жанын түйіп жүріп патша өкіметін тақтан тайдырып, Совет үкіметін құрғандардың бірі болды. Бірақ о баста-ақ, қазақ халқын түбегейлі жоюды көздеген Сталин бұл жолда өзінің нақ жасқанары Рысқұлов болған соң, Германияның, Жапонияның шпионы, «пантюркист» деген неше түрлі жаламен ату жазасына кесті. Абақтыда жатқанда Рысқұловтың «… өмірімді Совет Үкіметіне арнадым, күн-түн демей жанымды шүберекке түйіп жүріп қызмет қылдым, ажалмен де бетпе-бет келдім. Ендігі сол Совет Үкіметі өзіме қарсы шықса, бұл тірлігімнің мәні неде болды? Ауылда мал бағып, көптің бірі болып жүре бергенім артық емес пе еді!?» дейді. Сөзінің жаны бар. Бірақ ары қарай оқи келе өмірін елі үшін арнағанына өкінбейтінін байқауға болады. Өткен ғасырдың бас кезінде өмір кешкен ақын-жазушылардың көбіне осы Рысқұловтың көмегі тиген. Қуғын-сүргінде жүрген жерінен ақтап алып шығып, біліміне сай қызметке тұрғызған. Аштық жылдарында лапылдап жанған отқа қарлығаштай тұмсығымен су сепкен де осы кісі еді. Сталинге барып жүріп коллективтендіру ісін тоқтатпағанда қазақ халқы бүгінде жер бетінен жойылып кетер ме еді?! Романды оқып болған соң, сөзбен айтып жеткізгісіз күйде қалдым. Кеудемде алапат сезім ойнақшып, әсерінен әлі күнге дейін айыға алмай келемін. Қазақ елі үшін осындай біртуар азаматтың болғаны, қиындықтың түр-түрінен өтсе де қайыспай, еліне еткен еңбегі есіме түссе, қуаныштан көзіме жас келеді, ал ендігі Совет үкіметін құруда еңбегі Сталиннен асып түспесе кем түспейтін Тұрарды жалған жаламен ату жазасына кескені өзегімді әлі де өртеп келеді. Ал ең сорақысы, абақтыға қамалғанында жабылған жалаларды мойындадым деп қол қойдыруды жыл аса уақыттан соң әрең қойдырады, оның өзін тамырынан есірткі дәрі беріп барып қойдырғанын ойласам, әліге дейін Сталин бастаған топты жеті атасына дейін қарғап келемін. Сөзімді қорыта келе айтар болсам, бұл өмірде әділеттік жоқ, оны іздеп әуре болудың қажеті де жоқ. Егемендік алғаннан бері біраз уақыт болса да, біздің қоғамда да әділеттік әлі де бой көтере алмай отыр. Ащы болса да шындық. Қай жерге барсаң, руға бөлінген, жүзге бөлінген, одан бөлек көреалмастық, жала жабу тағы бар. Әділетсіздік тек бізде ғана емес, дамыған елдердің бәрінде дерлік жетеді. Оны іздеудің қажеті де жоқ. Тек Тұрар көкемдей сол әділетсіздікпен күресу қажет! Әрине егер де жаның өзіңді ғана ойлап қорқақ болмай, жүрегің елім, жерім деп соқса ғана. Қысқасы айтқанда, Тұрардай бола алмасақ та, соған ұқсап бағайық!
Шерхан Мұртазаның «Қызыл Жебе» романына рецензия
Алдыңғы жазба