Жазушы бұл шығармада сонау сұрапыл соғыс жылдарындағы қазақ ауылының қиындықтары мен сан қилы оқиғаларды суреттейді. Елеусіз,ескерусіз “Жабайы алмадай” болып өскен, әкеден де,шешеден де ерте айырылған соғыс жетімектерінің, соның ішінде аса зеректеуі Қанаттың небір оқиғалардың куәсі болғандығы баяндалады. Түлкі жандәрменде майдан үшін халықтың,үлкен- кішісінің аянбай еңбек етуі , зарыға күткен есіл ерлерінен қаралы қағаздардың келуі, мақсат- мұраттарына жете алмай арманда кеткен талай боздақтар, қолына билік тізгіні тиген шенділердің ”Жығылғанға жұдырық” болып төнуі және т.б осындай оқиғалар желісі кейіпкерлерді етене білуге қызықтыра түседі .Әсіресе, қан майданнан өкпесінен жараланып “Ырысбек атты есерсоқтың” елге келуі шығарманың біраз бөлігін қамтиды. Еркек кіндіктіні көргендегі қыз-келіншектердің пендешілікке салынуы,оның әйелдерін “ шұлықша” ауыстыруы ,иесіз қалған ауылды басынып,әбден беті мен кетуі , ара түсіп,жөнге салар бір жанның болмауы “бұл дүниенің тек әлсіздерге ғана әлі жетеді ме”- деген ойға еріксіз қалдыратындай. Асылында , “адам баласы затында көнбіс” дегенді жиі еститін едім,осы кітапты оқып отырып, жұмыр басты пенде атаулының еріксіз тағдарға мойынсұнатынына тағы да бір көзім жетті. Осы шығарманың түп мақсаты да осы,адам атаулы қанша күшті болса да,тағдырдың одан да зор,одан да күштірек екенін жазушы бізге айтқысы келгендей.Кітап ерекше ықыласпен,ұқыпты жазылып шыққан. Шығарманы қалай атасаңда мақтауға тұрарлық.
Сайын Мұратбековтың “Жабайы алма» повестіне рецензия
Алдыңғы жазба