…Иә, дұрыс айтасыз, менің жарық дүниеге келіп, жер басыпжүргенімнің өзі қылмыс, — деп, басталатын қаламгер Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» романын Алматыдан ауылға барғанда, әжемнің аузынан естідім… Содан бері осы кітапты оқып шығу алдымдағы үлкен бір мақсатқа айналды. Ақыры, осыдан аттай алты айдай бұрын мамыражай мамыр айында оқып шығу нәсіп болды. «Құланның қасуына мылтықтың басу» дегендей, сол мамыр айымен басталған мейрамдар тізбегі еш кедергісіз алты томдық «Қылмыс» романын, айналасы 10 күннің ішінде оқып шығуыма себеп болды. Романның арқауы – Қазақ даласына Кеңес өкіметінің орнауынан
басталып, 1930-1940 жж. Шығыс Түркістандағы ұлттық азшылықтардың азаттық қозғалысына дейін тарихи және күнделікті оқиғаларды баяндайды. Шығарманың тілі уытты саяси әжуа мен мысқылға толы. Жанры жағынан бұл шығарманы мемуар, яғни ғұмырнамалық роман деуге болады. Алайда жазушы тек өз өмір жолы жайында айтып қана қоймай, сол кезеңдегі аз ұлттардың алып ипериялар – айдаһар Қытай мен қызыл империя Кеңес одағының арасындағы қиын да, қилы өмірін суреттейді. Өз басым, бұл шығарманы оқу барысында ерекше бір ынтамен, ықыласпен оқыдым. Шығармадағы басты кейіпкер – Биғабілдің (прототипі Қажығұмар Шабданұлының өзі) басынан кешкендерін, өз басымнан өткен оқиғалармен және де бүгінгі қоғаммен салыстыра отырып, тарихтың тереңінен қанып сусындадым десем де болады. Басты кейіпкер – Биғабілдің басынан қандай нәубет келсе де сабыр етіп, қаймықпай қарсы тұрып, өзінің ертеңі, болашақ ұрпағының қамы үшін Тарымның тозағына тоғытылса да азаматтық ұстанымынан ауытқымауы ерекше әсер етті. Туған елі, жері, азаматтық ұстанымы үшін қасық қаны қалғанша күресе білуі, ертеңінен үміт үзбей қазақи рухты сақтауы, атамекенге деген сағыныш сезімі барлығы осы кітаптың кейіпкері, Биғабілдің бойынан табылады. Биғабілдің басынан кешкен қилы тағдыры сол замандағы ата-бабаларымыздың өмірінен хабар беріп тұр. Алып империяларға күні қараған кіріптар, бодан халықтың өз елін сүйген абзал ұлдарының маңдайына жазған тағдырдың еншісінің осы екендігіне тарих парақтарын ақтарып отырып көз жеткіздім… Әрине, ағыспен жүзетін ептілер мен жансауға жағымпаздар болмаса, қуғын-сүргін, абақты, айдау, тағдырдың талқысы деген нәрселер – қайраткер азаматтың маңдайына жазылған сыбаға емес пе?! Қорыта айтқанда, «Қылмыс» романы қазақ әдебиеті тарихындағы алғашқы алты томдық шығарма. Бұл туындыны «Абай жолы» романы мен «Көшпенділер» трилогиясымен қатар қоюға лайық қазақ тарихынан сыр шертетін бірден-бір, әрі бірегей туынды.
Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» романына рецензия
Алдыңғы жазба
2 комментария
BERIKBOL! Сіздер неге авторлық құқықты бұзасыздар? Бұл қателеспесем, басқа бір азаматтың осы кітапқа жаған рецензиясы емес пе?! Бұл рецензия бұрын да жарық көрген, сондықтан сілтемесімен немесе автордың аты мен тегін көрсетіп бергеніңіз оңды болар…
Кетшей нақу