Жазушы, ақын, драматург Қажығұмар Шабданұлы 1925 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Таңсық елді мекенінде дүниеге келген. Зұлмат заманда, өткен ғасырдың 30 жылдарының басында Қазақстанды жайлаған ашаршылықтан бас сауғалап, ата-анасымен бірге Қытайдың Шыңжаң өлкесіне қарасты Дөрбілжін ауданына ауып барған. 1940 жылы Дөрбілжін орта мектебін аяқтап, 1941-1945 жылдары Үрімжі қаласындағы педагогикалық институтта оқыған. 1945-1950 жылдары Дөрбілжін қаласына келіп, өзі оқыған мектепте мұғалімдік қызмет атқарған. 1951 жылдан бастап Өлке орталығы – Үрімжі қаласына қызметке шақырылып, Шыңжаң Жазушылар одағында жауапты қызметтер атқарып, «Шұғыла» журналының бас редакторы болды. Жергілікті ұлттардың мәдени-ағарту көтерілісі кезеңінде Дөрбілжіндегі “Қазақ-қырғыз ұйымын” басқарған. Алғаш рет 1958 жылы “оңшыл”, “солшыл” деген саяси айыптаулармен сотталып, 22 жылға бас бостандығынан айырылған Қажығұмар жазасын Такламакан шөліндегі Тарым лагерінде толық өткеріп, 1980 жылы бостандыққа шығады. Алайда 1986 жылдың желтоқсанында ұлттық дербестікті көздейтін “Үміт” атты партия құрды және Қазақстанның астыртын ұйымдарымен байланыс жасады деген айыптаулармен, «шетел жансызы» деген желеумен 13 жылға екінші мәрте түрме жазасына кесіледі. Бұл жаза мерзімін ол айы, күніне дейін Үрімжі қаласының №1 түрмесінде өткізеді. Қытай өкіметі тарабынан саяси себептерге байланысты қудаланғаны үшін Қажығұмар Шабданұлы қамауда отырған кезде адам құқығын қорғау жөніндегі “Халықаралық рақымшылық” ұйымы оны “ар-ождан тұтқыны” деп танып, Қытайдың құзыретті ресми орындарынан ол кісіге байланысты әділ тергеу мен ашық сот жүргізуін жүйелі түрде талап еткен. «Саяси қылмыскер» деп айыпталып Қытай түрмелерінде 40 жылға жуықь өмірін өткізген қазақ қаламгері Қажығұмар Шабданұлы, 2011жылы — Қытайдың Шәуешек қаласында 86 жасқа қараған шағында ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін дүниеден озды.
ШЫҒАРМАЛАРЫ:
1943-ж. – «Сол үшін» деген тұңғыш өлеңі «Малшы» газетінде жарияланады.
1950-жж. – «Біздің үй» поэмасы мен дастандары баспа бетін көреді.
1956-ж. – «Бақыт жолында» повесі басылып шығады.
1978-1986 жж. аралығында «Өгейлер» романы «Тарбағатай» журналында жарияланады.
Қажығұмар Шабданұлының ерекше бір шоқтығы биік шығармасы, ол – «Қылмыс» атты алты томнан (кітаптан) тұратын романы.
1989-ж. – «Пана» романы.
Қажығұмар Шабданұлының өмірбаяны
Алдыңғы жазба
2 комментария
Бар өмірі күреспен өткен екен.
Қажығұмар Шабданұлының «ҚЫЛМЫС»-романын жүрегім сыздап,көзден жасыңм сорғалап оқып шықтым.Бүкіл мұсылман ұлтына деген қатігездік егіз саясаты қытой мен орыстың,көзі ашық, көкірегі ояу білімді адамдарды жалған жаламен қырып жіберген.Сөйтіп сауатсыз жағымпаздарды құл етіп, ұланғайыр жерімізге шексіз билігін жүргізді.
Соңғы бөлімінде елімізге келіп,отбасымен қауышқаны айтылады.Бірақ Қабдеш Жұмаділов ағамыз ол кісінің туған жердің топырағы бұйырмағанын айтқан еді.Тіпті Назарбаевтың да елге алдыруға шамасы жетпейтін.