Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романын оқудан кейінгі алған әсерімді оқырман ретінде пайымдауды, өзім секілді жастарға ой салуды мақсат тұттым.
«Тағдыр» романы – патшалық Ресей мен оған көршілес Цин империясының Шығыс Түркістан және Орта Азиядағы өз иеліктерін бөліскенде шекара сыртында қалған қазақтардың ауыр тағдырын суреттейтін шығарма. Алпауыт екі мемлекеттің өзара енші алуы салдарынан тұтастай бір халық екіге айрылып, көп зардап шегеді. Жас та болса бас бола білген Демежанның ел ісіне араласуы, халдайлардан құқай көруі, әлсіздерге қамқорлық жасауы – Мұхтар Әуезовтың «Абай жолындағы» Абай образын есіме түсірді. Шығарманы кейіпкерлердің басындағы жағдайды, түрлі қақтығыстарды өзің де сезінгендей бірде ашынып, бірде сүйсініп тұшына оқисың. Ел игілігі үшін жақсы істерге ұйытқы боп жаңашылдыққа ұмтылса да кейбір содырларға көзтүрткі болған Демежанның әрекеті «мыңмен жалғыз алысқан» Абайды қайта-қайта көз алдыма елестетіп отырды. Мен жазушының талантына, көкейдегісін көркем де дестелі тілмен жеткізе білген суреткерлігіне тәнті боп, құныға да құмарта оқыдым. Бұл тұрғыда, көпшілік менің Мұхтар Әуезов пен Қабдеш Жұмаділовті, Абай мен Демежанды қатар қойып салыстыруымды құптай қоймас, бәлкім. Өйткені, қазақтың кім екенін әлемге танытып, автор шеберлігін де жалпақ жұртқа паш еткен «Абай жолы» романы – әлем әдебиетінен ойып тұрып орын алған еңбек. Француз жазушысы Луи Арагон: «Әлемнің басқа елдерінде де онымен тең түсетін шығарма табу қиын. Бұл менің ойымша, XX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» деп баға берген еді. Әйтсе де екі жазушыға да ортақ қасиет бар деп ойлаймын. Ол – жазу стиліндегі ұқсастықтар. Әсіресе, ауыл көріністерін суреттеуде, образ жасауда, оқиғаны баяндауда Қабдеш Жұмаділов заңғар жазушы Мұхтар Омарханұлынан мол тәлім алғанға ұқсайды. «Абай жолы» да, «Таңдыр» романы да өмірде болған адамдардың басындағы тауқыметті, дүрбелең кезеңді мейлінше нанымды суреттейді. Тағы бір ұқсастығы – Абай да, Демежан да жан жалғыздығын сезінеді. Себебі, сөзді ұғып, жетекке ілесер қазақтың қашанда алты бақан алауыз боп басы бірікпеді. «Біреуі олай, біреуі бұлай қарап, түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ» деп Абай өзі айтқандай, сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу адамдар тобы тым аз еді. Екеуі де халқын қараңғылықтан құтқару жолында аянбай еңбектенген күрескер бола білді. Абай жастарды ілім-білім мен өнерге баулуда ауылына Біржан сал мен тағы басқа өнерлі жастарды жинаса, Демежан да өз маңына ақын Әріп Тәңірбергенов, Әсет Найманбаев сынды әншілерді топтастыра жүрді. Тіпті, Абайдың кітапқұмарлығы да Демежанның бойындағы қызығушылық болатын. Ол әділдік пен жауыздық, өмір мен өлім жайлы толғанғанда да қарт ұстазы Ли-шансыңның кітаптарына үңіліп, қытай ойшылы Конфуцийдің іліміне жүгінетін. «Ат жақсысын кермеден, ер жақсысын түрмеден көр» дегендей, Демежан да Абай секілді бар «қылмысы» — жақсылық жасағаны үшін темір торға қамалды ғой. Абай айнымас досы Ербол, ел ардақтысы болған Базаралы мен сүйікті Мағашынан айрылғанда «моласындай бақсының жалғыз қалдым тап шыным» деп күңіренбеді ме? Демежанды да күні үшін жүрген жолдастары (басына бұлт үйірілгенде теріс айналуы, өгей ұлы Олжабайдың сатып кетуі) жанын жегідей жеп жалғызсыратқан еді. Ақыл-парасатымен Демежанның халқы үшін жел жағында – пана, күн жағында сая бола білгенін біреу ұқса, біреу ұқпады. Енді бірі, дәлірек айтқанда, ел ішінен шыққан күншілдер мен бақталастары, ежелгі жау халдайлар қызғаныштан мойындамады. Өзгешелігі – Абай Оразбай секілді жуандармен алысып, оған ұлдары Әбдірахманның, кейін Мағауияның өлімі қосылып, қайғыға төтеп бере алмай өмірден озады. Демежан болса надандық пен қолдан жасалған қастандықтың құрбаны болды.
Романның аяқталар тұсында ауыл адамдарын әнмен қайғы-мұңнан сейілтемін, көңілдегі шерменді жібітемін деп думандатып жүретін әнші-ақын Әсет Найманбаев Демежан өзі отырғызған шынар ағаштарының қасына келіп:
Дегенде беу, қарағаш, сәнің қайда?
Тербеткен төңіректі әнің қайда?
Алыстан көз арбаған ақ үйлер мен,
Төрт түлік өріп жүрген малың қайда?
Көшкенде жүк артатын түйең қайда?
Саяңда байлап қойған биең қайда?
Жайылып төрт тарапқа даңқы кеткен,
Кешегі ер Демежан иең қайда?!-деп жоқтайды. Сонан соң ақынжанды Күдеріге қарап: — Дүниеде тозбайтын, көнермейтін бір-ақ нәрсе бар. Ол – арттағы ұрпаққа қалатын асыл сөз, өлең-жыр. Шамаларың келсе, Демежандай дегдарға өлеңмен ескерткіш соғыңдар!-деп кеңес береді.
Өн бойы ізгіліктен жаралған, жүзі иманды, сөзі сындарлы Демежанның «Тағдыр» десе дегендей-ақ, аянышты тағдыры, салауат ісі, өмірлік жолы аңыз ғып айтар ақиқат деп білемін.