Жазушы Зейтін Ақышевтің “Жаяу Мұса” романын оқымағанға дейін. Ол кітапты маған құрбым сыйға тартқан еді. Кітапты бала күнімнен сығырайған майшаммен жата жастанып оқитын мен үшін бұл кітап тек қуаныш болды. Себебі өз басым өмірдегі бар сыйлықтардың төресі деп кітапты білемін. “Жаяу Мұса” кітабын оқыған адам болса, оның тез оқылатынына куә бола алады. Жазушының тілі жеңіл. Кітап атаулыны енді оқуға ниеті болған адамның қолына нық сеніммен ұстата салатын кітаптің бірі. Бірақ менің айтайын дегенім ол емес. Мәселе кітаптың мазмұнында. Ондағы суреттелген оқиға желісінің шынайылылығында. Ел тарихында алар орны бар өмірде шынайы болған кейіпкерлерінде. Олардың ұлттық мәдени мұрамыздың қалыптасуындағы рөлінде. Жаяу Мұсаның өмірбаяны арқылы автор оқырмандарды сол кезде тарихимызды құрған белгілі адамдардың да өмір белесінің бір парасымен таныстырып өтеді. Ең алдымен “Кітап маған не берді?” деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Әнші, сазгер, суырып салма өнерінің өкілі — Мұса Байжановтың өмірбаянымен таныстым. Оның өмірін С.Сейфуллиннің “Тар жол тайғақ кешуімен” салыстыру болады. Кітапты оқып отырып, “Осы Мұса шыныменен-ақ Байжанның ұлы ма? Әлде…?” деген сұрақтар туындайды. Жасынан анасынан айырылды. Өгей анасының тепкісін көрді. Сандалып сар даланы кезді. Білім, өнер үйренді. Одан Мұстафаның қыңырлығының кесірінен Жаяу Мұса атанды. Сібірге айдалды. Онда да Мұса мойымады. Оның серігі өлеңімен домбырасы алдамады. Бірақ барлығынан бұрын оған ең ауыр тигені — тегінің белгісіздігі. Мұсаның бар қиындыққа төтеп беріп, қарсы тұруына намысы қалқан бола білді. “Жұрт оның бір ауыз сөзін тыңдауға құмар болды. Мұса аты да, озбыр Мұстафаның қорлап берген Жаяу аты да қалды. Бүкіл ел оны Батыр атап кетті. Қан майданда жауын ұрып жықпағанмен сол заманың қысастығына мойын ұсынбаған шын батыр еді ол”, деп автор бас кейіпкерді осылай суреттейді. Сүйекке біткен ер мінезі, оның өнері ел аузында мәңгілік қалдырды. “Жақсының аты өлмейді…” деген осы. Сонымен қатар автор бұл шығармасы арқылы Мұса ғұмыр кешкен заман мен оның ұрпағы яғни, біз өмір сүріп жатқан заманның өзгеріп бара жатқандығын да суреттеп өткен. Оны біз кітаптың соңғы “Күн көтеріле” деп аталатын тарауында көреміз. Мұсаның баласынан да кіші жас жігіттің тоқсанға келген ақсақалдан насыбай сұрағанда Мұсаның таң қалғандығын автор былай деп суреттейді: “Бұрынғы жастар үлкендердің алдында әдеп сақтап, ұялып тұратын еді. Мыналар қайтеді өзі. Не боп барады бұл заман, — деп қала берді батыр. — Оқу да жақсы, бірақ қазақтың сүйегіне сіңген әдептіліктен де айырылып қалмау керек-ау” дегені автордың қазіргі жастарға айтқан өсиетіндей болды. Бұл кітаптың тағы бір ұтымды тұсы — оның соңы. Соңы өте позитивті аяқталады. Ел аузында қолындағы билікпен елді өзіне қаратқысы келген байлар емес, Мұса сияқты шыншылдықты ту етіп өткен, батырлар қалады. Оқырман осыған тағы бір көз жеткізеді. Шынымен де, халық арасында Жаяу Мұсаның әні осы күнге дейін жырланып келеді. Кітапты оқып отырғанымда алған әсерімнің барлығымен бөлісе де алмаспын. Ең бастысы кітапты оқып болғаннан соң, Баянауыл ауданының Теңдік ауылының бейітінде жерленген Мұса мен Мұстафа Шормановтардың бастарына барып, Құран аяттарын бағыштап қайттым. Кітаптан алған әсерім де болар. Олардың бейіттерінде ұзақ тұрдым. Олардың тарих қойнауында қалған өмірі Жаяу Мұсаның әні мен жыры арқылы ақтарыла беретіндігін білмеді де. Егер білсе, бәлкім Мұстафа Мұса Байжановты Жаяу етудің алдында мың мәрте ойланып, жеті рет өлшер ме еді деген ой келді.
1 пікір
Бəрі жақсығой… Сол кітаптың электронды нұсқасын оқи алмай(таба) алмай жүрмізғо…