«Нобель» сыйлығына ұсынылған «Соңғы парыз» романыны туралы айтпақпыз. Әбіш Кекілбайдың Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармашылығы туралы айтқан мынадай сөзі бар:
– Жалпы бұл кісінің шығармалары адамның еңсесін езіп тастайды. Сабасына түсіреді, тоқмейілсуге жол бермейді. Адамды жердің астына, бейнелеп айтқанда қылуетке бір түсіріп шығарады. Ойландырады, толғандырады, қажытады, шаршатады. Қайтадан адами қалпыңа келтіреді.
Осындай стильдегі шығарма қазіргі оқырманға ауырлық етпей ме? Оқырманның психологиясына қаншалықты әсер етеді? Шығарма екі кітаптан тұратын роман дилогия. Оқиға 1 күн мен 1 түннің ғана арасында өрбиді. Негізі шығарма, екінші жақтан баяндалады. Арал теңізінің тартылуымен, адамдардың мейірімінің де тартылуы, өмірлерінің мәнінің жойылуы суреттеледі. Шығармадағы экокеңістік – мұз үсті. Ондағы ізден ешқашан жылы леп еспейді. Кісі де, аң да, құс та, қашқан да, қуған да, бәрі-бәрі мұз үстіне шығып кеткені табиғат пен адам арасындағы қарым- қатынастардың бұзылғанын суреттейтін секілді. Романдағы Жәдігер тағдыры Арал тағдырымен ұштасып, Астасып жатқандай әсер қалдырады. Жазушыда көркемдік жинақтау күшті. Сондықтан Судыр Ахмет пен тырыли арық Қарақатын Аралда ғана емес, Алматыда да толып жүр. Еламан сияқты жігіттерге ел іші кенде емес. Ақбала мен Тәңірберген де солай. «Мынау бір Судыр Ахмет екен!» дейтін сөздерді бала кезімізде үлкендердің аузынан естігенде түсінбеуші ем. «Қан мен терді» оқығанда бір-ақ білдім. Содан кейін тырыли арық Қарақатынды да тани қоятын болдық. «Соңғы парыздағы» Сары Шаяны мына екеуінің әлде немересі, әлде жиендері шығар деп ойлағаным да шын. Қазір біздің айналамызда «заңмен ұратын» осындай жігіттер тіптен көбейіп кетті. «Соңғы парыз» – көткеншек Көшенді, Сары Шаяны, Жәдігерді, Әзімді, Бәкизатты, жуан Жақайымды, Адай шалды, т.т. біздің арамызға әкеп таратқан шығарма сияқты сезілетіні рас, шын мәнінде біздің арамыздан осыларды жинап алған. Біз сонда барып, ой мынау анау ғой, ал әне біреуісі… деп шұбырта жөнелдік. Ал өзін-өзі көріп қалғандар не болды екен? Бұлар өмірде бар ұлттық характерлер жиынтығы және жалпыадамдық типтер. Маған Жәдігер мадам Боваридің күйеуін есіме түсірді, ал Бәкизат соның өзі. Бовари жауын-шашында, түнде де, күндіз де көңілдесіне қарай жүгіріп бара жатпаушы ма еді. Ал Әзімнің Флоберде бірнеше типі бар. «Соңғы парыздың» оқиғасы сең үстіндегі Жәдігердің, одан кейін барып қосылған Бәкизаттың, Әзімнің төңірегінен өрбиді. Баяндау бір нүктеден, Арал теңізінің үстіндегі мұзда жүріп жатыр,Жәдігердің төңірегінен өрбиді. Мұндай шығарманы оқуға қиын деп те ойлауға болады. Бір шығармалар бар. Монолог, писхологизм дейді де, бір нәрсені езіп айта береді. Онысы шындыққа келе де бермейді. Оны оқу қиын, оқығың да келмейді. Ал «Соңғы парызда» оқиға көп болмаса да, айтылатын әңгімелердің өзі тартымды. Роман ішінен ондаған әңгіме, көптеген микроновеллаларды бөліп алуға болады. Осы бөліктің өзі жеке әдеби объект қызметін атқарып кете береді. Оқиғалы ішкі монологтар көп. Сондықтан, дәл осы «Соңғы парызды» оқырманға оқуға қиын шығарма деп есептей алмаймын. Ішкі монологтар, авторлық баяндаулар болды-ау деген жерінде тоқтап отырады. Шынайы оқиға, шынайы образ, шынайы мөлшері өлшеулі психологизм көркемдік мақсатқа ғана қызмет етіп тұр. Романда символдық образдар бар. Қайтқан теңіз, артыңдағы із. Артыңдағы із дегенді айтқан сайын әркім-ақ әртүрлі ойға келер. Әркім-ақ артына қарап, өткен ізін барлап, өмірім «ырың-жырың» боп өтпеді ме осы деп әлденеше рет ойланбады ма екен осы «Соңғы парызды» оқу үстінде? Ең әуелі адам, туған жер тағдыры мен ұлттық құндылықтар шешімін табу керек. Сөйтсе ғана елден көшкен халық, Адай шал қайта оралады. Ана баласына кейімейді, жар жұбайынан жерімейді, бала жарымжан тумайды. Көткеншек Көшендер ешкімге тұлға емес. Баяғы тырыли арық Қарақатынның ұсқыны құсап, тілінен у төгіп отыратын Көшеннің өмірге де, Құдайға да, адамға да өкпесі қара қазандай. Осындай «ырың-жырың» өмір кешіп жатқандарды Арал сияқты картадан көре алмайсыз. «Соңғы парызда» жазушы осыны қазаққа айтуды парыз санағандай…
2 комментария
«Нобель» сыйлығына ұсынатын шығарма емес. Оқығың да келмейді. Әбіш Кекілбайдың бұл жазушы шығармашылығы туралы пікірі де шындыққа келмейді. Ойландыратындай ештеңесі жоқ.
Өмір бойы «Басқа жүздің бәрі бөтен, бәрі жат. Өз жүзің ғана жақының» деген ұстаныммен жүрген үшеу бар. Сол үшеудің біріншісі — Әбдіжәміл Нұрпейісов, екіншісі — Тахауи Ахтанов, үшіншісі — Әбіш Кекілбаев болатын.