Жақсы кітаптарды жия берген жақсы,
ал оларды оқу одан да жақсы.
(Петрарка)
«Кітап – тілсіз мұғалім»- дейді дана халқымыз. Ия, болашаққа жетелейтін ана десек те артық етпес еді. Менің жаныма нұр төккен, өмірге деген жарқын көзқарас сыйлаған осы бір ұлы нәрсе, менің жалғыз сырласым, досым – кітап. Ол қалай дейсіздер ме? Қазір баяндап берейін.
Ол былай болатын, 6 сынып оқып жүрген кезім еді әр адамның өзіндік бағыты яғни өмірлік жолы болады ғой, міне, мен де сол алдымда жатқан сан тарау жолдардың қайсысын таңдарын білмей дел-сал күйде жүрген кезім еді.
Сөйтіп бір күні үйдегі анамның сөресіндегі кітаптарға көзім түсті, бір сәт ойда қалдым. Мен неге кітап оқымасқа? Жоқ, оған менің шыдамым жетпейді «оқымай-ақ қояйын» деген ой балағымнан тарқылай берді – тартқылай берді. Өзімді өзім қолға алып бұны да көрейін деген ниетпен көп кітаптың біреуін ала салдым, таңдап жатпадым. Ол кітаптың авторына, тақырыбына аса назар аудармадым, оқи жөнелдім. Әрине, бұрын кітап оқымаған жанға бұл басында қиындыққа соқты түсінбедім, не жайлы кітап екенін. Былай қарасам қазақтың ауылындағы қарбалас, күйбелеңге толы тіршілігі жайында әңгіме өрби берді. Әәә.. қазақ ауылы жайлы екен ғой деп ойладым. Өзімді сол өлкеде жүргендей сезініп, кеудемді бір тамаша тылсым дүние кернеп Ауыл деген ұлы ұғымның терең мағынасына үңілгендеймін. Оқи бердім, оқи бердім. Сөйтсем бұл роман Азамат соғысы тұсындағы ауыл кедейлерінің ауыр өмірі екен. Кедей балаларының түрлі қиыншылықтарға қарамастан оқуға деген ыстық ықыласын көріп өзімді сол балалардың біріндей сезініп білімге деген құштарлығым артты. Сол кітаптың ішіне тереңдей еніп кеттім, күн демедім, түн демедім оқудан жалықпадым. Әлгі кедей баласы мен сияқтанып, сол баланың ішкі жан дүниесіне сіңісіп кеткендеймін. Адам жанын осынша керемет сөздермен сипаттап, оқырман қауымды сол кітап ішіне сіңістіріп жіберетіндей сірә, бұл кітаптың авторы адам емес әулие шығар» деген ой санамда самсап тұрды. Кім екенін білейін деген оймен кітаптың сыртына назар аудардым. Сыртында Жүсіпбек Аймауытов «Қартқожа» деген жазу тұр екен. Пах, шіркін! Бұл, қандай адам екен? деген ой мені көп мазалады. Бұл кітапқа деген маххаббатым артып жата жастана оқып әупірімдеп бітірдім. Отан, білім тіпті туған жер деген ұғымдардың мән мағынасын жіті ұғынып өне бойым шымырлап, Қартқожа бейнесі есімнен кетпеді. Жүсіпбек Аймауытов деген кім? деген сұраққа қайтадан оралайын. Адам жанын сөзбен суреттеп, бір кейіпкер арқылы бар қазақтың мұңын шерткен қазақ прозасының патшасы іспеттес ұлы жазушы. Бұл менің өз бағам. Соңынан газеттерден, теледидардан ол кісі жайлы мағлұматтар алдым. Басқа да шығармаларын оқыдым. Ол кісі жалған жаланың жетегінде қалып, ұлтшыл деген атпен атылған екен. Адалдыққа, парасаттылыққа жетелеген жан осындай сұмдықпен қаза тапқанына күйіндім. Жасық жүрекке рух беріп, ойын баласынан ойлы балаға айналуыма бірден – бір себеп болған жан. Мен ол кісіні көрмесем де көргендей, білмесем де танығандай болдым, санамда мәңгілікке жаңғырып тұрған ұлы тұлға. Мұндағы айтайын деген ойым менің алғашқы оқыған кітабым «Қартқожа» өмірге деген көзқарасымды өзгертіп, жүрекке жылу, көңілге шуақ сыйлап үлкен серпіліс жасады. Бұл кітап Отанға, білімге деген жігіттің махаббаты тұрғысында жазылғанмен мен үшін кітапқа деген оқырманның махаббатын оятатын сәтті туынды секілденеді де тұрады. Осы кітаптың менің өмірімнен алар орны ерекше кітапқа, өмірге, білімге деген құштарлық сыйлап әдебиет әлеміне қалай енгенімді де білмей қалдым. Міне, әдебиет, поэзия, проза деген ұлы, құдіретті әлемнің құшағына еніп кеттім.