(1854-1900)
Оскар Фингал О’Флаэрти Уиллс Уайльд – ирландиядан шыққан ағылшын жазушысы, ақын, эссеист, публицист, Викториандық дәуірдегі ең атақты философ, драматург; 1854 жылдың 16 қазанында Ирландияның Дублин қаласында, Уильям мен Джейн Франчески отбасында дүниеге келді. Уайльдтың әкесі офтальмология, отоларингология саласына маманданған атақты хирург, ал анасы Джейн – «Жас Ирландтықтар» қозғалысының белсенді мүшесі болған, «Эсперанца» атты лақап атпен революциялық өлеңдерін жариялап отырған.
9 жасына дейін Уайльд өз үйінде отырып-ақ білім алады. Ол сол кездің өзінде ана тілімен бірге француз және неміс тілдерін де меңгереді. Өзінің алғашқы әдебиетке деген қызығушылығын болашақ жазушының анасы оятады. 10 жасында Оскар туған қаласына жақын Эннискилленадағы «Портора патша мектебіне» оқуға қабылданады. Ол өзінің ең алғашқы жыр шумағын 8 жасында менингит ауруынан көз жұмған Изола атты сіңлісіне арнап жазды. Уайльд мектепте оқып жүргенде дарынды балалардың қатарынан саналмады, бірақ та ол жылдам оқудың шебері және жаңа ақпаратты тез есінде сақтап қалатын қасиетімен көзге түсетін. Ол Портора мектебін алтын медалмен бітіріп, 1871 жылы Дублиндегі Тринити-колледжінің стипендиянты атанды. Мұнда болашақ драматург тарих пен антикалық мәдениетті тереңдетіп оқыды. 3 жыл қатарынан үздік студент атанған ол оқу жылы аяғында байырғы грек тілін үйренудегі жетістігі үшін берілетін жоғары марапат – «Беркли» алтын медалінің иегері атанды. 1874-1878 жылдары Оксфордтағы Магдалина колледжінің классика бөлімінде білім алады. Уайльд Оксфордта оқып жүрген кезінде Италия,Грецияға саяхаттайды. Бұл саяхаты сол елдердегі мәдени мұраларға деген қызығушылығын оятып, екі елді жақсы көруге мәжбүр етеді. Оскар Уайльд Тринти-колледжінде оқып жүрген кезден шығарма, өлеңдерін жариялай бастайды. 1878 жылы поэзияда қалам тербеп жүрген Оксфорд студенттеріне арналған марапат, «Ньюдигейта» сыйлығына жас жазушының «Равенна» атты поэмасы ұсынылып, үздік деп танылады.
Магдалина колледжіндегі оқуын тәмамдаған соң Уайльд Лондонға көшіп барады. 1881 жылы тұңғыш «Өлең» атты жыр жинағы жарық көреді. Бір жыл көлемінде бұл жинақтың халыққа тез танымал болғаны соншалықты, автордың өз қаражатынан 1250 данамен 5 рет қайта шығарылады.
1882 жылы Уайльд Америка Құрама Штаттарына барады. Ол 9 айдың ішінде көптеген атақты америкалық университеттерде 140-қа жуық дәріс оқиды. Жас ирландық бірден жергілікті баспасөздің назарына ілігеді.
Туған еліне қайта оралған жас жазушы қазіргі уақытқа дейін оқырмандар арасында сұранысқа ие бірнеше шығармаларын жарыққа шығарды: «Кентервил қамалындағы елес», «Натурашы-миллионер», «Жұмбақсыз Сфинкс» және т.б. Оскар Уайльдтың классика әлеміндегі ең сәтті шыққан шығармасы — «Дориан Грейдің портреті» романынан кейін үлкен жетістіктерге жете бастады. Бұл роман арқылы жазушының жаңа табынушылары пайда болады, дегенмен, Уайльдты қатаң сынға алып, кінәлаған сыншыларда кездесті. Бұл романнан кейін жазушы театрға пьесалар жаза бастады. Олардың ішінде «Мінсіз күйеу», «Назар аударуға тұрмайтын әйел», «Уиндермир ханымның желпуіші» атты пьесалары көрерменге аз уақыт ішінде танымал болды.
Сонымен қатар 1888 жылы «Бақытты ханзада» (1888 жылы) , «Гранаттас үйшік» (1891) атты екі ертегілер жинағы және « Лорд Артур Севилдің қылмысы» атты әңгімелер жинағы жарыққа шықты.
Оскар Уайльд 29 жасында Констанс Ллойдтқа үйленеді, екеуінің неесінен 2 ұл дүниеге келеді.Бірақ отбасы бақыты ұзаққа созылмайды. Себебі 1891 жылы жазушы жас ақсүйек Альфред Дугласпен танысып, уақыт өте келе 21 жастағы жігіт үшін Оскар Уайльд әйелін және екі баласын тастап кетеді. Екі ердің арасындағы достықты біліп қойған Лондондықтар Ұлыбритания кодексімен жазушыны сотқа тартады. 1895 жылы 2 жылға «Уандсворд» түрмесіне жабылып, түрме атақты Оскар Уайльдтың денсаулығына қатты зиянын тигізеді. Уайльдтың жағдайын нашарлатқан тұрмыстық жағдай ғана емес, жазушыдан теріс айналған көптеген достарын ,әсіресе Альфредті көріп қайғыға ұшырайды. Түрмеде отырып анасының қайтыс болғанын естиді және әйелі Констанс «қылмыскердің» атын жамылып жүрмес үшін өзінің және балаларының тегін өзгертеді. Оскар Уайльд түрмеде отырып «Тұңғиықтан» деген прозалық апологиясын жазады, жазушы өлімінен соң 1905 жылы жарық көреді.
1897 жылы бостандыққа шыққан соң Оскар Уайльд ары қарайғы өмірін Францияда өткізгісі келіп, сонда аттанады. Ол Оскар Уайльд есімін Себастьян Мельмот деп өзгертеді. Парижде «Рединг түрмесі туралы баллада» (1898) атты шығармасын жазады, жергілікті басылымдарға мақалаларын жариялайды. Оскар Уайльд Францияда небәрі 3 жыл ғана өмір сүреді. 1900 жылы менингиттің асқынған түрімен ауырып, жалғыздықтан көз жұмады.
Таланты жазушы, атақты драматург Оскар Уайльдтың артында құнды шығармалар қалды. Қазірге дейін сонау 19 ғасырдың аяғында жариялаған мақалалары мен оқырман сұранысына ие әдеби туындылары маңызын жоймай келеді. Этикалық, моральдық нормалар шеңберін арқау ете білген жазушының дәйексөздері әлі күнге дейін айтылып келеді. Биыл 2014 жылы 16 қазанда Оскар Уайльдтың 160 жылдығы атап өтілді.