«…Махаббат — өнерге тәуелді емес…», Оскар Уайльдтың әйгілі шығармасы «Дориан Грейдің портреті» романынан үзінді.
Уайльдтың атақты шығармасында сұлулық пен ойлылықтың айқасы суреттеледі. Парасат шеңберінен артық бағаланған сұлулықтың үстем құруы бейкүнә бозбаланың өмірін теріс арнаға өзгертеді. Роман Бэзил атты суретшінің ең бағалы туындысы — көркіне көз тоймайтын сұлу да сымбатты, жаңа нәрестедей күнәдан пәк, бейкүнә бозбала Дорианның портреті тұрғысынан өрбиді. Суретшінің «…оны күнде көрмесем, өзімді бақытсыз адамдай сезінемін…» деп ағынан жарылуынан бозбала Дориан бейнесінің сыршыл сипатын байқаймыз. Суретшінің ұлы шығармасы – жазушының ақыл-ойындағы кейіпкерлер күресімен жалғасын табады. Суретші Бэзил мен бозбала Дориан арасындағы достыққа, кенеттен үшінші жақ, Бэзилдің досы – Лорд Генри араласады( шығармада Гарри деп те беріледі). Ешқашан ақылға сиятын нәрсе айтпайтын, бірақ ақылға сыймайтын ештеңе жасамайтын Лорд Генри — бозбала Дорианға қызыға қарап, зерттеу нысанына айналдырады. Ақыл-ойының жүйріктігімен, парасаттылық деңгейінің шексіздігімен, кез-келген адам айта бермейтін қанатты сөздерімен Дориан Грейді аз уақыттың ішінде өзіне сендіріп, санасын жаулап алады. Ол сұлу да сымбатты, жаңа шыққан өскіндей балғын, тап-таза Дорианның санасын: «сенің бейнең салынған портрет сенен де ұзақ жасайды, ол өзгерместен қала береді,ал сендегі сұлулық уақыт өте келе өше бастайды, жастық дегеніміз – дүниедегі жалғыз ғана байлық, ал сенің жастығың мәңгіге сол портретпен бірге қалады…» деген сияқты сөздермен улап, бейкүнә жігітке мүлдем теріс пиғылда әсер етеді. Лорд Генридің күнделікті Дорианның құлағына құяр әңгімелері жігіт мінезіндегі жағымсыз қылықтардың пайда болуына әкеп соқтырады. Ол енді бұл әлемге жақсы көзқараспен, адал ниетпен, мейірімді көздерімен қарай алмайды. Ойында тек өзі бейнеленген портрет пен жастық шақтың баянсыз қасіреті, ұлылықтың ғұмыры сұлулықтан әлдеқайда ұзақ болатынына сенбеуі, кешегі ешкімді жек көрмейтін сұлулық символы өзі сомдалған портреттегі бейнені жек көруі, бәрі-бәрі Дориан Грейдің өмірге деген көзқарасының өзгеруіне алып келді. Дорианға әсер ете білген лорд Генри оны өз отына жандырып, өзінше ойлай алмайтын халге жеткізеді. Дориан портреттегі өз бейнесіне қарап тұрып, «қарғыс атқан бұл портрет менің жастығымды ұрлады» деп қарғайды.
Жазушы Дорианның ғашықтық сезімді басынан өткеруін керемет суреттеп шығады. Театр актрисасы Сибила Вейнге деген ғашықтығы баянсыз болуының себебі өнердің құдіреттілігі еді, махаббат өнерге тәуелді еместігін білдіргісі келген Сибиланың театр сахнасындағы соңғы қойылымына куә болған Дориан, сол күнгі өнерін нашар бағалап, Сибиланы қатты жазғырады. Оған қатты ауыр сөздер айтып, қайырылмастан кете барады. Ал Сибила болса өз-өзіне қол жұмсап, қыршын кетеді. Мистер Грей ғашығынан кешірім сұрамақ болып , Сибилага қарай шыққанда оған «өлді» деген хабар келеді. Дориан менмендігі кесірінен ғашығынан айырылғандығына қапаланып,өзін жазғырады. Сол сәттен бастап Бэзил сыйға тартқан портреттегі бейнесі өзгеріске ұшырай бастайды. Жымысқы күлкісі пайда болып, көздерінде арамдықтың табы сезіледі. Дориан Грей бұл құбылысқа таң қалып, портретті ешкім көрмейтін оңаша жерге апарып қояды. Уақыт өте келе былыққа әбден батқан Дорианның шын бейнесі сол қалпында сақталып, портреттегі келбеті күннен-күнге өзгеріске ұшырай бастайды. Қала халқы Дорианнан қатты сескенетін, оның сол балаң күйдегі бейнесінен өзгермеуі күмән туғызарлық жағдай еді. Ал мистер Грей ішкі рухани азғындық шеңберімен бірге өмір сүріп жатқан еді. « Күн сәулесіндей жарық әкелетін адамдар ешқашанда қылмыс жасамайды» деген сөздерге Дориан бір сәтте қарсы шығады. Бір күні суретші әрі базғы досы Бэзилге пышақ сұғып өлтіріп тынады. Соңынан қарғыс атқан бейнесі жазылған портретті Бэзилді өлтірген пышақпен бір ұрған еді, өзі де сол жерде мерт болады. Жазушы оның қалай өлгенін ашып суреттемейді. Тек жоғарыда қуыс бөлмеде бір адамның жанайқайы шығады деп бағамдайды. Үй қызметшілері дереу жоғарыға көтеріледі, бірақ есікті әрең ашып алады. Қызметшілер бөлмеге кіргенде қабырғаға сүйеліп тұрған,көркіне көз тоймайтын сұлу да сымбатты қожайындары бейнеленген портретті көреді,ал еденде кеудесіне пышақ сұғылған, бет-жүзі әжім-әжім, солған, адам қарағысыз бір адам өліп жатады. Үй қызметшілері саусақтарындағы жүзіктерінен өз қожайындарын әзер дегенде таниды. Адамзаттың ең ақымақ істері – ең жақсы ниеттен туындап жататындығын түсіндіргісі келген жазушы Оскар Уайльд, ұлы туындысы «Дориан Грейдің портретінде» нағыз сұлулық ойлылық бар жерде жоғалатынын баяндайды. Оқырман романды оқып отырып Дориан Грейдің ішкі жан дүниесіне тереңірек үңіледі, лорд Генридің арбау сөздеріне алданып, әрбір айтқан қадау-қадау сөздерін шын қабылдап, сұлулық пен ақыл-парасат майданын басынан өткереді. «Арсыздық қорқынышты ма, әлде кәрілік қорқынышты ма?» деген сұраққа жауап алуға тырысады. Бірақ шығарманың шешімі екеуінің де жеңілісімен аяқталады. Оскар Уайльдтың бұл әдеби туындысын моральдық тұрғыдан шынайы суреттелген, адамзаттың шынайы бет-бейнесін ашып көрсетуде үлкен маңызға ие болған, адамдармен жасасып,қозғалып жүретін шығарма деп атар едім.
Абибулла Назерке Низамудинқызы
1 пікір
Керемет шығарма. Бір деммен оқып едім.