Бұл кітап туралы бірдеңе деп айту қиын, жазу тіпті қиын. Себебі, ол үшін сөз қолдану керек. Өмірінде ең болмағанда бір рет шын ғашықтықты бастан өткерген адам сөздің жүректегі кей сезімнің оннан бір бөлігін де жеткізіп бере алмайтынын біледі. Мұндай әсерді тек жаныңмен сезіне аласың. Бірақ сол сәтте кешкен күйді ақылға салып, мимен қорытып, сөзбен сипаттай алмайсың. Сөз жай ғана шартты белгі. Сезінуге болатын ғажайып күй емес. Кітапты оқу барысында тіршіліктегі қиындықтарды, өмірдің жағымсыздықтарын ұмытып, ішкі дүниеңмен оңаша қаласың. Қоғамның таңған жалған стереотиптерінен арылып, өзіңе өзің ораласың. Толленің терең де тағылымды бастамасымен ішкі дүниеңнің түкпір-түкпіріне ғажайып саяхат жасайсың. Жаның сүйіспеншілікке, ерекше шаттық күйіне бөленеді. Кітаптың стилі өте қарапайым, сөздері түсінуге жеңіл де жағымды. Кітап адамның ақылы мен жаны туралы. «Адам тек «ОСЫ СӘТТЕ» ғана шынайы бақытты бола алады», — дейді автор. Адамның ойы иллюзия жасауға өте шебер. Адамдардың көп бөлігі болашақты, қалғандары өткенді ойлаумен өмір сүреді. Бірақ, өмір «ОСЫ СӘТТЕ, ОСЫ ЖЕРДЕ» өтіп жатыр. Бақыт, қуаныш, күш, сүйіспеншілік, бәрі-бәрі «ОСЫ СӘТТЕ, ОСЫ ЖЕРДЕ» .
Экхарт Толле «Қазіргі сәт құдіреті» кітабына рецензия
Алдыңғы жазба