Ысқырған Сталиннің коллективтендіру саясатының арқасында оба мен аштықтан тұтас ұлттың тең жартысы қырылған уақытта, қазақ халқы үшін қиын заманда, отыз екінші жылы күздің алғашқы айының жиырма сегізінші күні Жамбыл облысында Шерхан атамыз дүние есігін ашыпты. Өмірге келісімен қиындықтың небір түрін көрген. Әкесін айдауға алып кетіп, жетімдіктің де дәмін татқан. Шерхан ата жайлы ғаламтордан іздесек, мәліметтерді көп табамыз. Өмірі жайлы «Ай мен Айша» атты романында сыр шертеді. Құдай әрбір адамға өзгелерден ерекше дарын береді ғой. Бұл кісінің балалық шағын оқып отырсам, (жазушылығынан бөлек) ерекше қасиеті су астында демсіз (ауасыз) ұзақ отыра алады екен. Өзі айтқандай, «дымжұтпас» ойыны бойынша ауылының чемпионы екен. «… ойын кезінде су астында отырып, сондағы өмірді қызықтағанынан уақыттың қаншалықты өткенін байқамай қаламын. Тәнім ауа қажет деп есіме түсіргенде ғана су бетіне шығамын, ал бұл кезде қарсыласым менен әлдеқайда ерте шығып қойған екен» деп өзінің ерекшелігімен бөліскен. Бір жағынан соғыс… Әкесі де жоқ. Рысқұловтың шашбауын көтерді деп Рысқұлшина деген жаламен Мұртазаны халық жауы ретінде айдауға алып кеткен. Сол кеткеннен оралмаған. Жетімдік бір жағынан, соғыстың зардабы тағы бар. Өткен ғасырдың қилы заманында балалық шағын өткерген Шерхан өсе келе еліміздің елеулі азаматтарының біріне айналды. Еңбек жолында атқарған қызметі жетерлік. Журналист, бас редактор, тіпті депутат та болған кісі. Бұл жөнінде тоқтала кетсем. “Жазушы” баспасы жанындағы Балалар мен жастар әдебиеті бас редакциясының және “Жалын” альманахының бас редакторы, “Жұлдыз” журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 2-хатшысы, “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы, “Егемен Қазақстан” газетінің бас редакторы, “Қазақстан” мемлекет телерадиокомпаниясының төрағасы қызметтерін атқарған. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты да болды. Сондай-ақ ол ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңестің мүшесі. Шығармашылығы жөнінде тоқталар болсам, Мұхтар Әуезовты әлемге танытқан еңбегі «Абай жолы» болғандай, Шерхан атаның ерен еңбектерінің бірі Кеңес Өкіметін құруға бар күшін салған Тұрар Рысқұл жайында жазған «Қызыл Жебе» романы. Сондай-ақ, қазақ салтындағы әмеңгерлік жолды көрсететін «Мылтықсыз майдан», анасы Айшамен өткен күндері жайлы жазған керемет туындысы «Ай мен Айша» романы сынды еңбектері жазушының атағын одан ары асқақтата түсті. Осы еңбектерінің бәрі жинақталып, 2002 жылы шыққан алты томдық шығармалар жинағында жарық көрді.