1937 жылы 4 сәуірде Өзбекстан мемлекеті, Ташкент облысы Жаңа қаласында дүние есігін ашқан. Жазушы, аудармашы, түрколог-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі.
Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Абай ауылындағы орта мектептен білім алған Немат Келімбетов 1959 жылы Ташкент қаржы-экономика инcтитутында оқып, 1966 жылы ҚазМУ-дың филология факультетін сырттай бітірген.
1959 – 1960 жылдары Келес және Сарыағаш аудандық газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, Қазақстан Ғылым академиясының Экономика институтында кіші ғылыми қызметкер, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы әдебиет, өнер және архитектура салалары бойынша Мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссияның жауапты хатшысы болып жұмыс істеді. 1976 – 1981 жылдары «Қазақстан» баспасында редактор, 1981 – 1997 жылдары Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында профессор, 1997 – 2002 жылдары Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің қазақ тілі кафедрасында профессор қызметтерінде болды.
Түркі халықтары әдебиетін терең зерттеу нәтижесінде «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» (1986),«Ежелгі дәуір әдебиеті» (1991), «Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы» (1998), «Қазақ әдебиеті бастаулары» (1998), «Көркемдік дәстүр жалғастығы» (2000), «Ежелгі әдеби жәдігерліктер» (2004) сынды іргелі еңбектерді тудырды. Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі курсы бойынша жоғары оқу орындары студенттеріне арналған бірқатар оқулықтар мен оқу құралдарын жазды.
Ғалым ежелгі дәуір әдебиетін, шығыс поэзиясын зерттеу бағытындағы ізденістері үшін Күлтегін атындағы сыйлықтың лауреаты атанды, кітаптары бірнеше шетел тілдеріне аударылды. ҚР Құрмет грамотасымен марапатталды.
Немат Келімбетов Л.Гурунцтың «Шіркін біздің Шушикент», В.Козаченконың «Найзағай», С.Ахмадтың «Көкжиек», П.Қадыровтың «Жұлдызды түндер» романдарын қазақ тіліне тәржімалаған.
Жазушы ретінде 2011 жылы «Үміт үзгім келмейд» хикаят-монологын, одан кейін «Ұлыма хат», «Қариялар», «Күншілдік» эсселерін дүниеге әкелді. «Үміт үзім келмейді» шығармасы қалың оқырманның көңілінен шығып, кітаптің желісі бойынша жазылған пьеса театр сахнасында қойылды. Аталмыш кітап үшін автор Еуропаның Франц Кафка қоғамының наградасын жеңіп алды.
Отыз жасында омыртқадан ауыр дертке ұшырап, ұзақ жылдар бойы төсекке таңылған көрнекті қаламгер 2010 жылы желтоқсанда 73 жасында өмірден озды.
Тленшиев Абай Сейфуллаұлы