Софы Сматаев 1941 жылы 22 маусымда Қарағанды облысындағы Киік стансысында туған. 1959 жылы жазушы болам деген арманы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне жеткізеді, дегенмен де бір жылдан кейін Мәскеудің Болат және қорытпалар институтына ауысқан. Негізгі мамандығы — инженер- металлург. Мәскеудің «Орақ пен балға», Туланың, Теміртаудың металлургия зауыттарында, Қазақ КСР Ғылым академиясының Металлургия және кен байыту институтында қызмет атқарды. Біраз жыл «Жұлдыз» журналы проза бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан КП Орталық Комитетінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі болды. 1989 жылдан Қазақ КСР мемлекеттік Кітап палатасының бас директоры болып қызмет істеген. В.Шекспирдің «Юлий Цезарь» драмасын, венгр жазушысы И.Добозидің «Сейсенбіден бейсенбіге дейін» повесін, ұйғыр жазушысы Х.Абдуллиннің «Жолдастар», Ю.Мухлисовтың «Садыр палуан» романдарын, Короленконың, В.Солоухиннің, А.Лупанның, Е.Исаевтың, B.Иванов, П.Загребельныйдың әңгіме, өлеңдерін тәржімалаған. «Елім-ай» романы мен бірқатар туындылары көптеген шетел тілдеріне аударылған. «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Жезқазған, Балқаш қалалары, Ақадыр, Қарқаралы, Шет аудандарының Құрметті азаматы.
Софы Сматаев – таланттың кемелі бола жүріп тарлан тартқан, таланттың тарланы бола жүріп кемел тартқан, қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан құрыштай қайратты қаламгер.